АДАЙ Бекет ата - піріміз, Амангелді - лидеріміз I
АДАЙ
Бекет ата - піріміз,
Амангелді - лидеріміз
I БӨЛІМ
«Адай» деген генетикалық атау ма?
Адай деген қазақ iшiндегi ең бiр даңқы шыққан ғана емес, сонымен қатар өткенiнде түсінiксiз тұстары да өте көп көрінетiн ру болып табылады. Мәселен, үш жүзден тұратын жалпы қазақты былай қойғанда да, алшынның ғана құрамына кiретiн кез-келген дерлiк ру-тайпаның басқа да түркi халықтарының бiрiнің болмаса, екiншiсiнің iшiнде қандай да болмасын бiр iзi қалған. Айталық, «алшын», «тама», «табын» деген атаулар Қырым татарларының да, башқұрттардың да iшiнде бар.
Ал «адай» деген басқа түркi халықтарының бiрде-бiрiнің дерлiк iшiнде жоқ. Ол ол ма, бұл ат қазақтың басқа жүздерiнің iшiнде де қосалқы да болса атау ретiнде де кездеспейдi. Мәселен, «қаракесек» Кiшi жүздің әлімiнің iшiнде де, Орта жүздің арғынының iшiнде де бар.
«Керей-кереит» атауы туралы да осыған тұстас тұжырым айтуға болады. Бiр заманда наймандар мен кереиттердің ортақ мемлекетi болған. Яғни олардың тарихы мен тағдыры ортақ болған. Ол туралы бiздің заманымыздың II мыңжылдығы басында Моңғолиядан шыққан билеушiлер шежiресiнде нақты мәліметтер бар. Олардың тарихы XII ғасырға дейiн бiр болып келiп, содан соң екiге бөлінедi. Осы тұста Моңғолияда өмір сүрген тайпалардың бiр бөлігi батыс жаққа қарай, яғни Алтай мен Шығыс Түркiстанға қарай ойысып, екiншiсi бұрынғы жерiнде қалады. Сол Орта Азия жаққа қарай кеткендер қарақытайлармен қатар орналасып, 1177 жылға дейiн соларға бағынышты болған. Оларды 1136-1204 ж.ж. аралығында басқарған династия «I династия» деп аталады. Ол 1136 жылы билiкке келген Наркыш Таян ханнан басталады. 1167-1175 ж.ж. аралығында мемлекетті Инанша-Бiлге басқарған. Сосын 1201 жылға дейiн билiк Инанша-Бiлге Буку-ханның еншiсiнде болған. Оның орнын басқан Таян-хан мен Бұйрық-хан найманның өз iшiнен шыққан билеушiлер болған. Қазiр пайдаланылып жүрген «История права и государства Казахстан» деген оқулықта: «В 11-13 в.в. найманами управляли 2 правителя: Буюрук хан и Таян хан». Ал Батыста жария етiлген моңғолдан шыққан билеушiлер династиялары шежiресiнде бұл екеуiнің бiр және өте қысқа уақытта ғана ел басқарғаны көрсетілген. Ол уақыт 1201-1204 ж.ж. аралығымен шектеледi. Оның iшiнде 1201-1202 жылдарда Таян-хан елдi Бұйрық-ханмен бiрлесе отырып басқарған. Одан соң 1204 жылға дейiн жалғыз өзi болып басқарған.
Найман мен керей қазiр де қазақтың Орта жүзi құрамында қатар өмір сүрiп жатыр. Олардың елдерi бiр замандағыдай бүгінде де iргелес. Тек бұрынғы «кереиттің» орында қазiр «керей» деген атау сақталып қалған. Ал тұп-тура «кереит» деген атау болса, ол Батыс Қазақстандағы алшын елi жетiру тайпасы құрамынан табылады. Ал қазiргi таңда негiзiнен Қазақстанның шығысымен байланыстырылатын «найман» мен «керей» атаулары сол Алтай өңірiнен батыс жақ тұста мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан Қырым түбегiнде де тап-таза дерлiк күйiнде кездеседi. Мысалы: «найман-каракчора» мен «бешаран-керей». Бұл екеуi ол жақта этноним ретiнде ғана емес, ойконим (елдi мекен аты) ретiнде де танылған (В.Бушаков «Тюркская этноойконимия Крыма»).
Ресейде «адай» халық, ал Қазақстанда – ру ғана
Ал «адай» атауы Қазақстанда да, қазақпен бұрындары тығыз араласқан халықтар елдерi мен жерлерiнде де алшынның адай руымен тiкелей байланысты емес күйiнде кездеспейдi.
Бiр қызығы «адай» атауы Ресей Федерациясында ресми түрде тiркелген ұлттар мен тiлдер тiзiмiнде бар («Алфавитные перечни национальностей и языков
для кодирования ответов на вопросы 7 и 9 форм К и Д и вопроса 6 формы В переписных листов Всероссийской переписи населения 2002 года». Утверждены Постановлением Госкомстата России от 02.09.2002 г. № 171).
Бұған таңданбасқа амал жоқ. Одан да бетер таңданатын нәрсе мынау. Бiз «адай» атауына тiкелей тура келетiн мынадай бiр таң қаларлықтай 2 этноним және 1 топоним таптық. Қазаққа жақын ел-жұрт iшiнен табылмайтын «адай» ру-тайпа атауы ғаламат Еуразия құрлығының Шығыс Сiбiрi мен Қиыр Солтүстiгiнен және АҚШ-тың Луизиана штатынан табылды. Алдымен Ресейде бiз күтпеген жерден табылған адайларға келейiк.
Якут-бурят адайлары қайдан шыққан?
Қиыр Солтүстiк адайлары – якут-саха халқының «одай» руы. Оны «уодай» деп те атайды екен. Шынын айтқанда, бұл Якутиядағы қазақы атауға туралас келетiн жалғыз ғана ру аты емес. Якуттардың өз «арғыңдары» да бар. Олар «аргин» деп аталады. Бұл – Қиыр Шығыс пен Қиыр Солтүстiктен (Якутия Чукоткамен көршiлес, ал Чукотка Шығыс жартышарының ең алыс шегi ретiнде Батыс жартышардағы АҚШ-тың Аляска штатымен көршiлес орналасқан). Бұрынғы Ресей империясы мен кейiнгi КСРО-ның оңтүстiк-батыс шетiнде орналасқан Қырым түбегiне дейiн жайылған бiрден-бiр ру-тайпа атауы болар.
Ендi Якутия одайларына оралайық. Якут-сахалардың өздерiнің айтуына қарағанда, олар тегiн қазақ адайларынан емес, бурят-моңғол адайларынан тарататын болса керек. Ал аталмыш бурят-моңғолдардың бұндай атқа қалай ие болғанын түсіндiру оңайырақ. Бұл этимологиялық негiздің қазақтың адайларына да қатысы бар болуы мүмкін. Бiрақ осы мәселеге бiз тап қазiр емес, кейiнiрек тоқталамыз.
Бурят-моңғол адайлары «Қиыр Шығыс адайлары» деп атауға лайық. Бұл ру қазiргi бурят халқын құрайтын 5 үлкен тайпаның бiрi болып табылатын хонгодорлардың (қалған төртеуi – селенгiлiктер, булагаттар, эхириттер және хорилер) құрамына кiредi. Олардың қазiргi Байкал аймағына келiп қоныс тебуiнің тарихы мынадай: «Хонгодоры переселились в Предбайкалье в 1688 году, во время Ойрат - Халхасской войны, когда приближенный халхасского Сайн-хана вождь хонгодоров Бахак Ирбанов, замешанный в конфликте между Сайн-ханом и ойратским Галдан - Бошокту ханом, ушел со своими людьми и дядей-сановником Адаем из рода Бадархан в Предбайкалье, в район Тунки и Закамны» (Евгений Хамаганов «Бурятские племена», Буряад арадай). Буряттың адай руы осы хонгодор тайпасына кiредi. Бұрын бұл тайпаның тегi түгелдей моңғол халқына қатысты деп есептелетiн. Яғни ол бiр кезде моңғолдардан бөлінiп келiп, бурят халқына қосылған тайпа есептелетiн. Кейiн бұл көзқарас өзгердi. Ендi хонгодорлардың құрамында тегiн моңғолдардан тарататын да, буряттардың өздерiнен тарататын да рулар бар деп есептелетiн болды.
Бурятиядағы адай руы сол моңғолдардан келiп, хонгодорлардың құрамына қосылған рулардың бiрi саналады. Бурят адайлары өз тегiн хонгодорлардың жоғарыда аталған көсемі Бахактың нағашысы Адай атты адамнан таратады. Оларды буряттар «Бадархан адайлары» деп те атайды.
Бiр кезде хонгодорлар алыс солтүстiк жаққа қарай Лена өзенiнің бойымен жорық жасап барған. Онда якут-сахалардың жерлерi орналасқаны белгiлi. Якутияда «одай» («уодай») атауы этноним ретiнде содан қалған болуы да ғажап емес.
Жалпы Сiбiр мен Қиыр Шығыстағы «адай» этнонимiн моңғол тiлiне қатысты деуге болады. Бұл - моңғол атауы. Және жай атау емес, адам аты. Ал адам атының генетикалық атауға не этнонимге айналуы түркi-моңғол дәстүрi үшiн қалыпты құбылыс болып табылады.
Америка адайлары - сол елдегi байырғы халық өкілдерi
Ал ендi Американың Луизиана штатынан табылған адайларға келейiк. Олар, әрине, қазақ емес. Олар - осы мемлекеттегi байырғы халық өкілдерi. Яғни американдық үндістер. Олардың атауы қазақ адайларының атауына 100 процент тура келедi: adai – адай. Олар туралы мәліметтер баршылық. 2003 жылы жазда мен АҚШ-та болғанда солардың өткенi мен бүгінi жайында кобiрек мәліметтер жинауға тырыстым. Өкінішке орай ол кезде Вашингтонда салынып жатқан «Американ үндістерi музейi» әлі салынып бiтiп, iске қосылып үлгермеген едi. Әйтпегенде менің мәліметтерiм қазiргi бардан да толығырақ болған болар едi.
Американдық адайлардың толық атауы - Caddo Adai Indian Tribe of Louisiana. Яғни – луизианалық каддо адай үндіс тайпасы. Олардың «A History of the Caddo Indians» (The Louisiana historical quarterly, Vol. 18, No. 4, IX. 1935 ж.) - «Каддо үндістерiнің тарихы» негiзiндегi өткенi туралы әңгіме мынадай.
Америкалық адайлар ақ адамды, яғни еуропалық нәсiлдi адамдарды олардың жерлерiне испандар мен француздар жақындап келген заманда бiрiншi рет кездестiрiптi. XVIII ғасырдың басында Франция бүкiл каддо тайпаларын қол астына қаратып ұстаған. Оған тек адайлар ғана тәуелдi болмаған. Өйткені әуел бастан олардың жерiне Испания өкілдерi орналасып алған екен. 1715 жылы испан колонизаторы Доминго Рамон францискан орденi монахтарымен бiрлесе отырып Луизиананың Адай аймағында елдi мекендер орната бастайды. 1716 сонда Сан-Мигель де Линарес миссиясы құрылады. 1719 жылы Франция мен Испания соғысқа түскен соң, француздарға қарайтын үндістер испандардың қол астындағы адай тайпасына шабуыл жасап, «Los Adaes» (испан тiлiнен аударғанда бұл атау «Адайлар» деген мағына бередi) елдi мекенiн басып алады. Сонымен, осы соғыстың нәтижесiнде ең көп жапа шекен адайлар болып шығады.
Оның нәтижесiнде бұл тайпа адамдары екi жаққа бөлінiп қалады. Бiр жағы испандардың, екiншi жағы француздардың қол астында болғандықтан, адайларды бiрiншiлерi де, екiншiлерi де аяусыз қырғынға ұшыратады. Осы жердің өзiнен Америка адайлары тағдырының Қазақстан адайлары тағдырына қаншалықты ұқсас болғанын көруге болады...
Француз-испан қырқысынан луизианалық адайлар қатты әлсіреп шығады да, XIX ғасырдың басына таман, яғни Франция Луизиана жерiн АҚШ-қа сатқанға дейiн-ақ өз алдына жеке тайпа болып сақталып қала беру мүмкіндiгiнен айырылады. Оларды каддо тайпасы өз құрамына сіңіре бастайды. Содан берi бұлар каддо адайлары аталады. 1835 жылы каддо тайпалары өз жерлерiн АҚШ-қа сату туралы келiссөздер жүргiзедi.
Ақырғы келiсiм бойынша оларға 80 мың доллар төленуге тиiс болады. Оның 30 мыңы мүлiк күйiнде келiсiмшартқа қол қойылған кезде, тағы да 10 мыңы 1836 жылдың 1 қыркүйегiнде берiлуге тиiс едi. Қалғаны кейiнгi 4 жыл iшiнде 10 мың доллардан төленбек екен. Есесiне каддолар АҚШ шекарасының тысына кетуге келiседі. Бұл келiсiмшартты АҚШ Сенаты 1836 жылдың 26 қаңтарында бекiтiп (ратификациялап) бередi
Сөйтіп, каддо тайпалары ол кезде әлі АҚШ-қа қарамаған Техас аймағына көшіп барады. Бұл олардың құрамына кiретiн адайлардың құрып кетуге қалуының алды болады. АҚШ-тың ресми санағы мәліметтерi бойынша 1869 жылы 400 адай-ақ есепке iлiнедi.
Ресми тұрғыдан алғанда, 1880 жыл олардың құрып кеткен жылы болып есептеледi. Бiрақ бұндай тұжырымды қазiр Луизианада тұратын және өздерiн «адаймыз» деп есептейтiн үндістер мойындамайды. Олардың түсінiгiнше, бұндай тайпа АҚШ-та әлі де бар.
Қазiр каддо адайлары өздерiн АҚШ федералдық өкіметі тарапынан мойындату мақсатында куынушы үндіс тайпаларының құрамына кiредi. Олар ресми Вашингтонға өздерiнің бар екенiн мойындатпақ.
(Жалғасы болады)
Ақас ТАЖУТОВ